Мангистауская область‎

Гражданский Альянс Казахстана

Бейнеу ауылында аялдамалар ұлттық нақышта безендірілді

14 ноября 2026 г. | Просмотров: 379

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында қоғамдық кеңістіктердің келбетін жақсарту, ұлттық мәдениетті дәріптеу және ауылдың өзіндік ерекшелігін айқындау мақсатында «Аялдаманы безендіру» жобасы жүзеге асырылды.

Жоба аясында ауыл аумағындағы аялдамаларда қазақы ұлттық нақышта безендіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аялдамалардың сыртқы көрінісіне ұлттық ою-өрнектер мен қазақ халқының бай мәдениетін бейнелейтін сәндік элементтер енгізілуде.

Бұл бастама тек ауылдың сәулеттік келбетін көркейтіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірде насихаттауға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғамдық орындарға ерекше эстетикалық сипат беріп, ауыл тұрғындары мен қонақтарына қазақы болмысты танытатын көркем орта қалыптастыруды көздейді.

Жобаның жүзеге асуына бастамашы болған – Бейнеу ауылының тұрғыны, шағын грант иегері Жүнібеков Нұрмағанбет Ағойұлы. Ол «JASA» жобасы аясында ұйымдастырылған «Ауыл жастарының урбанистикалық бастамаларына қолдау көрсету» бағыты бойынша өткізілген шағын гранттар байқауының жеңімпазы атанған.

«Аялдаманы безендіру» жобасы – ауылдық жерлердегі қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту арқылы ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Осындай жобалар жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, туған өлкенің көркеюіне үлес қосуға жол ашады.